ул. Толе би, д. 101,
бизнес-центр «Толе би»

zoj_center@mail.ru

+7 727 313-21-34
+7 727 313-20-94

Русский
Казак

Погода в Алматы

+10ºС

Деніңіз сау және күшті болғыңыз келе ме? Онда саябаққа барыңыз!

Таза ауадағы күзгі серуендер - белсенді демалыстың жағымды, әрі пайдалы түрі. Қазір ағаштардың арасында серуен құру үшін, қала сыртына шығудың қажеті жоқ. Астанада бірнеше тамаша саябақ бар – «Астаналық», «Жерұйық», «Астана Триатлон парк». Айтпақшы, мұнда тек серуендеп қана қоймайсыз.

Жаяу жүру денсаулықты жақсартады
Өйткені аяғыңыз күштірек болады, иммунитетіңіз бен жүрек бұлшықетіңіз нығаяды, төзімділігіңіз арта түседі. Сондай-ақ, таза ауадағы серуендеу - қан қысымын тұрақтандыру, күйгелектікті басу, артық салмақты азайтудың бір тәсілі. Сонымен бірге, осы белсенді демалыс түрінің ешқандай медициналық қарсы көрсетілімі жоқ.

Жақсы көретін адамдарыңызбен серуендеңіз
Асықпай жүріп, серуендеу кезінде ашық әңгімелер айтыла бастайды. Жапырақтардың шытырлаған не судың сыңғырлаған дыбысымен жақын адамдармен (ата-ана, жар, сүйікті қыз/жігітіңізбен) өзіңізді толғандырған мәселелерді талқылап, болашаққа жоспар құруға, сезіміңізді білдіруге болады. Мұндай серуендер сіздің психологиялық денсаулығыңызды нығайтып қана қоймайды, сонымен бірге, өзіңіз құрметтейтін адамдармен қарым-қатынасыңызды да жақсартуға көмектеседі.

Ашық аспан астындағы спорт залы
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, түрлі түсті жапырақ төселген саяжолдармен серуендеу белсенді демалыстың бір түрі ғана. Қазіргі саябақтар - ашық аспан астындағы әмбебап стадиондар мен спорт залдары. Мұнда жүгіру және велосипед тебу жолдары бар. Турниктер, қоссырықтар, воркаутпен айналысуға болатын қолмен жылжитын қондырғылар. Скандинавиялық және спорттық жаяу жүруді, роликтерді ұнататындар да мұнда өзіне ыңғайлы орын таба алады. Тағы бір айта кететіні – далада орнатылған жаттығу құрылғылары, әрине, олардың көмегімен Шварценеггердей мықты болуыңыз екі талай, бірақ, бұлшықеттеріңізді жақсы күйде сақтауға солар да жеткілікті. Айтпақшы, фитнес-клубтағы жаттығуларға қарағанда, саябақтағы жаттығулардың қаржылай шығыны әлде қайда аз болмақ. Алайда, есіңізге саламыз, жаттығуға кіріспес бұрын, дәрігермен кеңесіңіз.

Балалар спортқа кедергі болмайды!
Кейбіреулер ақталып жатады: "Менің балаларым бар, сондықтан спортпен айналысуға уақытым жоқ" деп. Әлсіз дәлел. Балаңыз жүруді үйрене салысымен, оны серуендеуге өзіңізбен бірге ала шығыңыз. Мысалы, қазір баланы отырғызуға болатын, арнайы сепеті бар велосипедтерді жалға алуға болады. Ол болмаса да, баланы иығыңызға отырғызып, бірнеше километр жүруге болады. Осылай сіз әрі аяғыңыз бен арқаңызды шынықтырасыз, әрі балаңызды қуантасыз. Айтпақшы, балаңызды бірге алып жүрсеңіз, оның спортқа деген сүйіспеншілігін оятасыз, соның арқасында оның дені сау, күшті болып өсу мүмкіндігі еселеп артады.

Артықшылықтары жетіп артылады
Сонымен, таза ауада жақын адамдармен өткізген белсенді демалыс бұлшықет пен иммунитетті нығайтады. Артық салмақ пен күйгелектіктен арылуға көмектеседі. Жұқпалы емес аурулардың алдын алу шарасы болып табылады. Жақындарымызбен қарым-қатынасты жақсартуға ықпал етеді. Балаларымызды спортқа деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге мүмкіндік береді.